«Ай мен Айша» романы Шерхан Мұртазаның өз өмірінен сыр шертеді. Романда ашыршылық жайлаған зұлмат жылдарда дүниеге келіп, қазақ зиялылары репрессияға ұшыраған жылдарда әкесінен айырылып, одан кейін Ұлы Отан соғысының тауқыметін бастан өткеріп қанша қиыншылық көрсе де, еңсесі түсіп езілмей, ағынға қарсы жүзе білген Барысхан деген баланың өмірі және сол балаға өшпестей үміт сыйлап, өмірлік шам-шырағы, қайсар қаһарманы болған анасы Айша жайында баяндалған.
Тек айға қарап мұңымды мен шағамын, Тек ай ғана түсінеді мені, қарағым…
Бала тілімен, бала ойымен, бала көңілімен, айтқым келгені… баланың көзқарасымен жаза алған авторларғы шын таң қаламын, тамсанамын… және осы кітап солардың бірі мен үшін. Ересек жасында жазып отырып сонау 9 жас, одан да кіші жасындағы естеліктерін қалай сол уақыттағы ойымен жазғаны… әрине, ол кезде сондай бала болдым, солай ойладым, түсіндім деп, естеліктеріне сүйеп жазған болар, сонда да…
Оқып отырып сол бала Барсхан сол күндері өз күнделігін жазып жүрген іспетті…
Кейін асықпай тағы қайта оқып шығамын, қазірдің өзінде ұзақ оқыған бір кітаптарымның бірі.
Біздің қазақ әдебиетіндегі шығармалардың барлығы сол қиын қыстау заман туралы ғана деген ойлар бар (мен де сол ойды айтқан болармын) бірақ ойлайсың… сол кез солай болды, солай болғаны туралы жазғанда не тұр? Біз оны біліп, есте сақтап, олай болдырмауға сабақ алуымыз керек те емес пе…